28 жел, 2019 сағат 17:41

Апатқа ұшыраған ұшақтан авиациялық отынды қотару жұмыстары жүргізіліп жатыр

Алматы түбінде апатқа ұшыраған ұшақтан авиациялық отынды қотару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл жайында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомство мәліметінше, жануарлар және өсімдікті қорғау қызметкерлері ұшақ құлаған аумақта ветеринарлық-санитарлық тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде Талғар ауданына қарасты Гүлдана елді мекенінің жеке сектор аумағында және ұшақ құлаған жерде өлген жануарлардың өлексесі табылған жоқ. Аталған аумақтағы эпизоотикалық ахуал қолайлы.

«ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің құтқарушылары Алматы қалалық құтқару қызметі құтқарушыларымен бірге төтенше оқиға болған жерде гидравликалық құралдардың көмегімен ұшақты бөлшектеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар әуе кемесінің оң жақ қанатындағы бактан авиациялық отынды қотару жұмыстары да жүргізілуде. 1 техника (әуежайдың 8 тонналық бензовозы) мен 4 маман жұмылдырылған. Сағат 17-00-дегі жағдай бойынша бактағы 4 875 литр авиациялық отынның 2 мың литрі қотарылды. Өрт шығуына жол бермеу үшін көбік атқылауға АЦ-5 және АЦ-8 өрт сөндіру техникасы қойылған», - деп атап өтеді комитеттен.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, ТЖК жедел штабында ІІМ, ИИДМ, ДСМ, ЭМ, Ұлттық ұлан өкілдері жүр. Шұғыл психологиялық көмек көрсету үшін қауырт желі телефондарының жұмысы ұйымдастырылған. Сағат 17-00-дегі жағдай бойынша қауырт желіге 1 344 қоңырау түскен.

«ТЖК психологтары зардап шеккен 69 азаматтың туыстарына, Денсаулық сақтау министрлігінің психологтары стационарлық ем алып жатқан 47 зардап шегушіге псхологиялық көмек көрсетті», - делінген таратылған ақпаратта.