Фото: Pexels.com
23 қазан күні Агенттік Төрағасы А.Ж. Жұмағалидің басшылығымен автожол саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша ведомствоаралық кеңес өтті. Жиынға Көлік министрі М.К. Қарабаев, Жоғары аудиторлық палатаның өкілдері, сондай-ақ бірқатар министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар қатысты, деп хабарлайды Ult.kz.
Кеңесте соңғы 5 жылда жол саласына 6 трлн теңгеден астам қаражат бөлінгеніне қарамастан, жол сапасына байланысты 20 мыңнан астам шағым түскені айтылды. Жұртшылық жол сапасының төмендігін жемқорлықпен байланыстырады.
Жыл басынан бері Агенттік 24 қылмыстық істі тіркеген. Сыртқы талдау нәтижелері бойынша жоспарлау мен бақылау кезеңдерінде жүйелі жемқорлық тәуекелдері анықталған. Мысалы, жолдар сапасыз жөнделіп, мердігерлермен келісімшарттар картельдік келісімдер арқылы бекітіледі. Сонымен қатар, жобалау кезеңінде шығындар жасанды түрде өсіріледі, ал сапа бақылауы тек формалды сипатқа ие.
Құзырлы органдар жол саласындағы кемшіліктерді жоюға бағытталған 90-нан астам ұсыныс енгізді. Оның ішінде жолдардың цифрлық картасын әзірлеу, техникалық қадағалау мен Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының өкілеттіктерін кеңейту, сондай-ақ инновациялық технологияларды дамыту шаралары бар.
Алдағы уақытта Атырау облысында орташа жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражатты бақылау үшін «Цифрлық теңге» жобасы сынақтан өткізілмек.