23 там, 2018 сағат 13:31

Димаш кәсіпкерлікке бет бұрды

Танымал әнші Димаш Құдайберген жеке кәсіпті қолға алып, өз атынан шай шығара бастады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.

Әншінің жаңа кәсібі туралы жаңалықты әлеуметтік желіде эстрада жұлдыздары жарыса бөлісті. Көпшілік шайдың көңілдерінен шыққанын жазып жатыр.

"Димаш, сіз тамаша жансыз! Мен сізді ерекше ұнатамын. Сізді қатты жақсы көремін. Ешуақытта тоқтамаңыз! Өзіңізді дамытатыныңыз үшін ризамын! Сіздің есіміңіз жазылған шайды ішетінім үшін бақыттымын", — деді Данэлия Төлешова.

Айгүл Иманбаева аталған кешке өзінің ұлы Асылжанмен бірге барған екен. Желі қолданушылары Асылжан мен Айжұлдыз Адайбекованың құшақтасып суретке түскендерін көріп олардан тамаша жұп шығатынын жазды.

"Ұлым екеуіміз Димаш шайының таныстырылымына келдік. Қанат, Света, Димаш сіздерді шын жүректен құттықтаймыз! Аллам тек тіл-көзден аман қылсын. Тілекшіміз қашан да", — дейді Айгүл Иманбаева.

Ал Жанар Айжанованың қызы өз кезегінде әншіге таныстырылымға шақырғаны үшін алғыс айтты.

"Димаш досым, шақыруыңа үлкен рахмет! Бастап жатқан ісіңе сәттілік тілеймін. Қайда жүрсең де аман бол. Жақсы күнде жолығайық", — деп жазды Айжұлдыз Адайбекова.

Сондай-ақ, аталған таныстырылым барысында Қанат пен Света Айтбаевтар өздерінің күміс тойларын атап өткен екен. Жұптың отасқандарына биыл 25 жыл толып отыр.