24 қар, 2016 сағат 08:51

Әңгіме арқауы – ұйымның келешегі

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңадан сайланған Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Қ.Тоқаев португалиялық сая­саткерді БҰҰ басшысы лауазымына сайлануы­мен құт­тықтады және тәжіри­белі дипломат, саясаткер әрі бас­қа­рушы ретінде оның Ұйымға қосымша серпін беретініне сенім білдірді. Сенат Төрағасы А.Гутерриштің штаб-пәтері Женевада орналасқан БҰҰ Босқындар жөніндегі Жоғарғы комиссары лауазымындағы тиімді қызметін атап өтті. Қ.То­қаевтың пікірінше, А.Гу­тер­риш босқындар саны адам айт­қысыз (60 миллионға дейін) ұлғаюына әкеліп соққан халық­аралық дағдарыстар мен қақ­тығыстардың барлық қа­те­ріне табысты түрде қарсы тұрды.

Қ.Тоқаев Қазақстан дип­ломатиясы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүше­сінің күрделі миссиясын абыроймен атқарады деп сенеді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі біздің еліміздің қызметі бейбітшілікті қамтамасыз ету, орнықты даму және адам құқықтарын қорғау жолындағы осы жаһандық ұйымның әлеуетін нығайтуға ықпал жасайды. Қазақстан террормен күрес, қақтығыстарды реттеу, орнықты дамуды қамтамасыз ету және қазір­гі замандағы көптеген мәсе­ле­лерді БҰҰ жүйесінің үйле­сімді жұмысын және бар­лық мүше мемлекеттердің бір­лес­кен күш-жігерін талап етеді. Сондықтан біздің еліміз БҰҰ-ның жаңа Бас хатшысы А.Гу­терриштің қызметін қолдай­тын болады.

Бас хатшы лауазымына кірісер қарсаңда А.Гутерриш БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүше бес елдің астаналарына және Қазақстанның елордасына сапарлап отыр. «Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тағы бір жай тұрақты емес мүшесі болып қана қоймайтыны анық. Сіздің еліңіздің бітістірушілік пен үнқатысу орнатуда үлкен дәстүрі бар. Қазақстан халықаралық аренада ынтымақ көпірін орнатуда маңызды рөл атқарады. Бүгінде әлемдегі ірі елдерде, сондай-ақ, аймақтық державалар арасында бірі-біріне өзара сенімсіздік басым болып тұрған кезде, бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін ерекше мәнге ие, – деп атап өтті А.Гутерриш.

Жаңа сайланған Бірік­кен Ұлттар Ұйымы Бас хат­шысының айтуынша, Қазақ­стан халықаралық шиеле­ністі азайтуда және қажетті шешімдерге қол жеткізуде көмектесе алады. А.Гутерриш Қазақстан мен Біріккен Ұлт­тар Ұйымының бірлескен іс-қимылының негізгі бағыт­тары қарусыздану, лаңкес­тікке қарсы күрес, діндер ара­сындағы үнқатысу, эконо­микалық даму, тағы басқа да мәселелер болуы тиіс деп санайды. Сондықтан, Астанаға сапары аясында жаңа Бас хатшы Қазақстанмен ынты­мақтастықтың жұмыс алаңын құруға ниетті.