18 мау, 2020 сағат 10:53

Анар Жайылғанова: Мемлекеттік аппарат пандемия қиындықтарын тез жеңе білетіндігін дәлелдеді

Нұр-Сұлтанда «COVID-19 кезеңінде мемлекеттік қызмет саласындағы адам ресурстарын басқару: үздік тәжірибелер мен шешімдер» тақырыбында халықаралық онлайн конференция болып өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Астана мемлекеттік қызмет хабы және Корея Республикасының Персоналды басқару жөніндегі министрлігі үйымдастырған онлайн конференция барысында пандемия кезінде туындаған мемлекеттік қызметтегі адам ресурстарын басқару саласындағы проблемалар және оларды шешу үшін қабылданған шаралар талқыланды. 

Алғы сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы Анар Жайылғанова пандемия кезіндегі мемлекеттік аппараттың жұмысына тоқталып өтті.

«COVID-19 пандемиясы - бүкіл әлем үкіметтерінің алдында тұрған ең маңызды мәселелердің бірі. Бірақ ол басқару реформаларын жүзеге асыруға, мемлекеттік аппаратты кең көлемде цифрландыруға және мемлекеттік қызметтің адам ресурстарын басқару жүйесін қайта қарауға ықпал ететін мемлекеттік аппарат жұмысының қайтымсыз өзгеруінің катализаторына айналды», - деді ол. 

А.Жайылғанованың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында осы қиын кезеңде мемлекеттік аппараттың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.

«Қазіргі уақытта тұрғындардың ХҚКО мен мемлекеттік құрылымдарға бармай-ақ, қажетті мемлекеттік қызмет түрлерін алуы үшін мемлекеттік қызметкерлер барынша үйлесімді жұмыс істеулері керек. Жалпы, мемлекеттік аппарат пандемиядан туындаған дағдарыс кезінде қатерлер мен кедергілерді жедел шешу қабілетін және тиімділігін дәлелдеді деп есептеймін», - деді МҚІА төрағасы.

Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов пандемия кезінде тиімді басқаруды жүзеге асыру үшін қоғамдық сенімнің маңызы зор екенін атап өтті.

«Әлемнің барлық ұйымдарында адам ресурстарын басқаруға көп көңіл бөлінуде. Бірақ ұйымдарға деген сенімді нығайту маңызды аспект болып табылады. Пандемия кезінде жасалған жұмысты талдау нәтижесінде билік тармақтары мен құрылымдары арасында ресурстарды, міндеттер мен өкілеттіктерді қайта бөлу жүзеге асырылатыны анық. Бұл үдерісте кадр қызметтеріне басымдық берілетіні сөзсіз», – деді Ә.Бәйменов.

Корея Республикасының Персоналды басқару жөніндегі министрі Со Чонг Хван мемлекеттік қызметте адам ресурстарын басқару саласында осы елде қабылданған шаралар жайлы баяндады. 

Сондай-ақ, онлайн конференция барысында Украина, Өзбекстан, ЭЫДҰ ұйымдарының сарапшылары сөз сөйледі. Онлайн конференцияға қатысушылар мемлекеттік қызметтегі адам ресурстарын басқару саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасты.