28 ақп, 2019 сағат 17:21

Аналар зор құрметке лайық

Мен, осы жылдар бойы Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі ретінде, қоғамның бір бөлшегі ретінде Елбасының барлық айқындаған міндеттерін қолдап келемін. Кеше ғана "Нұр Отан" партиясының сессиясында көпбалалы аналарға қатысты бірқатар тапсырмалары үлкен қолдау тауып, аналардың, отбасылардың сенімін оятып, күдік көңілдері серпіліп қалды. 

Аналар кеңесі қоғамдағы ана мен бала, отбасы жағдайының өзекті мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге әрқашан дайын. Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен достық пен толеранттылықты, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын түрлі шаралар мен қайырымдылық акциялары ұдайы өтеді. Солар бүгінде көңілге қуаныш сыйлап, жадау жүректерге мейірім ұялатуда. Өкінішке орай, жетім балалар біздің қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі. Олар ана алақанының жылуына зәру балғындар, сондықтан аналар кеңесінің мүшелері балалар үйлерінде, қаламыздағы Ана үйіне моральдық тұрғыдан қамқорлық жасап, балалармен кездесіп тұрады. 

Қоғамдағы келеңсіз жәйттардың алдын алу мақсатында жастар арасында орта және жоғары оқу орындарында кездесу-сұхбаттар өткізу, көпбалалы аналарға қолдау көрсету баршамыздың ортақ міндетіміз. 

Біздің көпұлтты өлкемізде бірнеше этнос өкілдерінің басын құраған этномәдени бірлестіктер жұмыс жасайды. Кейінгі он жылдың ішінде бұлардың саны екі есе артып отыр. Облыста өтетін мәдени шараларға осы бірлестіктер белсенді қатысады. Неміс, көрей, литва, еврей, украин бірлестіктері халыққа танымал ұйымдар. Олардың жетекшілері де облыс активистері қатарында, мемлекеттік марапаттарға ие болған сыйлы жерлестеріміз. Атап айтарлық жәй – облыс тұрғындарының кейінгі жылдарда немқұрайлықтан сейіліп, белсендігінің артқаны. Мемлекеттік тілді де жақсы меңгергендер бар. Осындай жағдай адамдарды жақындастырады, бір мақсатқа ұмтылуға көмектеседі. Облыстағы әр этнос өкілінің санасында «Біз - Қазақстандықпыз» деген патриоттық ұғым қалыптасып, өңірдің көркеюіне еңбек ету керектігі, қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау жұмыстары жүйелі түрде атқарылып өз жемісін беруде. 

Сонымен қатар бейбіт өмір біздің елге ғана тән болғаны қазақ халқының дана қасиеттерімен байланысты екендігін тарихымыз дәлелдеп отыр. Бөтен демей төрге отырғызып, бауырына басып, дәмін ұсынатын қазақ ешкімге жаманшылық ойламаған ғой. Осыны кездесулерге барғанда басқа ұлт өкілдері ризашылықпен айтып жатады. Әрине бұл аға ұрпақ өкілдерінің көңілі, осыны жастарға жеткізуіміз керек.

Жеткен жетістіктерді әрі қарай дамыту, сақтау облыстық Ассамблея активінің, әрбір қоғамдық ұйымның міндеті екені анық. 

"Отан – үйден, ошақ басынан басталады" дегендей, аналар өмірге ұрпақ әкеліп, тәрбиелеп, еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген жандар. Біздің кеңестің құрамында облыстық этно-мәдени орталықтардың мүшелері, облыста аттары белгілі тіжірибелі мұғалімдер, дәрігерлер, көп балалы аналар бар.

Облыстық Аналар кеңесінің мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасын, ең алдымен ана, әрі қазақстандықтар ретінде, еліміздің тұрақтылығы мен бірлігінің сақталуына үлес қосатын шараларды қызу қолдайды. Себебі, әрбір ана қай елде, қай жерде болмасын ұрпағы үшін тек бейбітшілікті тілейді. Бейбіт өмір – әр әйел-ананың арманы, әйелдің табиғаты мен жүрегіне жақын үйлесімділік. Ана махаббаты нәсілге бөлінбейді. Өскелең ұрпақты көпұлтты қоғамда бейбіт өмір сүруге, Отанын сүйетін патриоттыққа тірбиелеу – аналардың міндеті болып табылады. Себебі жастар болашағымыздың жалғастырушысы. Жалпы бірлікте, келісімде өмір сүру – өнер, осыны үлкенді-кішілі болып үйреніп, жалғастырып, алда тұрған мақсаттарға жетуге үлес қосамыз деп ойлаймын.

Қарағанды облысы 
Қазақстан халқы Ассамблеясы
Аналар кеңесінің Құрметті Төрайымы
Салима Нұрмағанбетова