Фото: freepik.com
Еліміздегі 102 ұшақтың бесеуінің қолданыста болуы мерзімі 25 жылдан асқан. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды Ult.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Мәжілістегі елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған Үкімет сағатында депутат Самат Нұртаза министрден елімізде қанша ескі ұшақ жолаушылар тасымалдайтынын сұраған еді.
- Жолаушыларды тұрақты тасымалдауға 100-ден астам әуе борты жұмылдырылғанын айттыңыз. Егер әуе компанияларының сайттарын қарасақ, ұшақтардың жасы тәуелсіздігімізбен бірдей, 30 жылдан асып кеткен. Әуе компанияларына заманауи ұшақтар алу керектігін, санын арттыру қажеттігін көп айтамыз. Бірақ, тек билет бағасы ғана көтеріле береді. 102 әуе бортының қаншауында 25 жылдық мерзім өтіп кеткен? - деді депутат.
Министрдің атап өтуінше, 102 ұшақтың бесеуінің қолданыста болуы мерзімі 25 жылдан асқан.
- Олар «Южное небо» компаниясына тиесілі. Онда 5 ескі АН-24 ұшақтары бар. Біз оларды не үшін ұстап отырмыз? Мысалы, Зайсан, Үржар әуежайлары басқа үлгідегі ұшақтарды қабылдай алмайды. Жергілікті халық ол жаққа ұшақтардың қатынауын сұрайды. Былтыр жабамыз деген едік, халық сұраған соң қалдырдық. Зайсанды реттегеннен кейін бұл ұшақтар рейстен алынады. Жалпы, ішкі нарықта 671 бағытта рейс болса, оның 97 пайызында шығарылғанына 10 жылға дейінгі ұшақтар қатынайды. Яғни, олардың қауіпсіздігі толығымен қамтамасыз етілген, - деді Марат Қарабаев.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов әуе көлігі саласындағы мәселелерді атағанын жазған едік.