04 қаз, 2019 сағат 16:23

Украинада ұшақ апатты жағдайда қонып, бес адам көз жұмды

«Украина-Аэроальянс» әуе компаниясының Ан-12 ұшағы Львов әуежайының маңында апатты жағдайда қонды. Салдарынан 5 адам көз жұмды. Бұл жөнінде Facebook желісінде Инфрақұрылым министрі Владислав Криклий мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Укринформға сілтеме жасап.

«Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Украина-Аэроальянс әуе компаниясының Ан-12 #UR-CAH ұшағы Вико (Испания) – Львов бағыты бойынша #UKL4050 чартерлік жүк рейсін орындау кезінде аэродром жанындағы Сокольники ауылына апатты жағдайда қонған. Бортта 7 экипаж мүшесі мен жүкке ілесіп жүрген 1 адам болды. Салдарынан 3 адам көз жұмып, 3 адам ауыр жарақаттанды, тағы екеуі іздестірілу үстінде. Құтқару операциясы жалғасып жатыр», - деп жазды Криклий.

Артынан министр 5 адамның көз жұмғанын мәлім етті.

Сондай-ақ, ол ұшақтың апатты жағдайда қонуына жанармайдың таусылуы себеп болғанын атады. Тергеу жалғасуда.

Министр қаза тапқандардың туған-туыстарына қайғыра көңіл айтты.

Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметінен мәлім еткендей, 4 қазан күні таңертең радардан жоғалып кетіп, ұшып-қону жолағынан 1,5 шақырым жерден табылған Ан-12 ұшағы «Львов» әуежайының маңына апатты жағдайда қонуға мәжбүр болған.

«4 қазан күні сағат 07:10-да «Львов» халықаралық әуежайынан 13,7 шақырым қашықтықта Ан-12 ұшағы радардан жоғалып кеткені туралы хабар келіп түсті. Сағат 07:29-да экипаждың бір мүшесі байланысқа шығып, Ан-12 ұшағы апатты жағдайда қонғаны туралы мәлім етті. 07:46-да Ан-12 ұшағы ұшып-қону жолағынан 1,5 шақырым жерде табылды», - делінген хабарламада.

Ұшақ өртенбеген. Экипажды зақымдалған ұшақтан шығару жұмыстарына Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметтен 41 адам мен 7 техника жұмылдырылды.