Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр қайраткері Әминә Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланатын болды.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ел тарихында тұңғыш рет Әминә Өмірзақованың 100 жылдығына орай, ЮНЕСКО көлемінде тойлау, еске алу шаралары өтеді.
Әминә Ерқожақызы 1949 жылдан өмірінің соңына (26.09.2006 ж.) дейін, жарты ғасырдан астам уақыт Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет етті. Көптеген кинофильмдер мен театр қойылымдарындағы талғампаз бейнелері арқылы, халық қалаулысына, ел ардағына айналған, Ұлттық өнерімізде есімі ел есінде жатталған – Әминә Өмірзақованың туғанына 2019 жылдың 8 наурызында 100 жыл толады.
Айта кетсек, Әминә Өмірзақова 1919 жылы 8 наурызда Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысының Абай ауданында өмірге келген.
1938 жылы Ленинград қаласындағы Театр институтын бітіреді де, өнердегі алғашқы еңбек жолын Шымкент облыстық драма театрына жолдамамен қызметке келуден бастайды.
Ә. Өмірзақова қазақ театр сахнасында 68 жыл бойы қызмет етті. Сол уақыт ішінде 150-дей рөлді сомдады.
Әминә Өмірзақованың кино саласына сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. Ол түскен 20 шақты кинофильм қазақ жұртына кеңінен таныс.
Әминә Ерқожақызы Өмірзақова 2006 жылдың 26 қыркүйегінде өмірден озды.