06 мау, 2020 сағат 11:20

Америкалықтар асырап алған тағы бір жігіт Қазақстандағы туыстарын тауып алды

Америкалықтар асырап алған Арман атты жас жігіт Қазақстандағы туыстарын тауып алды. Бұл туралы Facebook парақшасында журналист Жеңіс Құспан жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бірнеше күн бұрын Kazakh American Association атты Facebook парақшада Арманның Қазақстандағы танысы Аида Көшекбаева атты қолданушы АҚШ-тағы қандасымыздың туыстарын іздеп жүргені туралы жазған еді.

 

Көп уақыт өтпей Америкадағы жігіт оған туған-туыстарын тапқаны туралы хабарлапты. 

«Бәріңізге рахмет, мен туыстарымды таптым!» деп жазды америкалықтар асырап алған Арман», - деп жазады Жеңіс Құспан Facebook парақшасында. 

Көп уақыт өтпей журналист оқырманға Арманның әпкесімен байланысқа шығып, екеуі ым тілімен сөйлесіп жатқанын жария етті. 

«Мен Арманның әпкесімін. Ол менің бауырым. Оның да, менің де құлағымыз естімейді. Ыммен тілдесеміз. Қазақстан мен Америкадағы ым тілі екі түрлі болса да, бір-бірімізді түсінеміз. Мен оны бұрыннан іздейтін едім. Енді ғана таптым», - деп жазған Арманның әпкесі.