Америкалықтар асырап алған Тайлер (Талғат) Блоттер Facebook желісі арқылы Қазақстандағы туыстарын тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жақсы жаңалық - бала кезінде Қазақстаннан асырап алынған Тайлер Блоттер (Талғат) туған бауырларымен қауышты. Оған Ерқанат Тасыбаев көмектесіп, бірнеше сағатта Павлодардағы отбасын тауып берді. Жарайсың, Ерқанат!», - деп хабарланды Facebook желісіндегі қазақстандық-америкалық қауымдастық парақшасында.
Тайлер (Талғат) Блоттерді кішкентай кезінде америкалықтар Қазақстандағы балалар үйінен асырап алған және Мичиган штатына алып кеткен. Тайлер жаңа отбасынан көп нәрсені үйренгенін, бірақ өз келбетінің отбасына ұқсамайтынын, сол үшін қатарластарының мазағына ұшырағанын жазды.
«Өзімнің кім екенімді, қандай отбасыдан шыққанымды білмегенім үшін, айналамдарғы адамдардан ерекше болғаным үшін жылайтын едім. Өзімді өзім бағаламадым. Қазір мұндай ойлармен күресіп келемін. Мектепте оқып жүргенде өз отбасым, бауырларым туралы көп ойлайтынмын. «Қандай екен?» деп ойша елестететінмін», - деп жазды Тайлер (Талғат) Блоттер өзінің Facebook парақшасында.
Орта мектепті бітірген соң Тайлер (Талғат) Лас-Вегас қаласына көшіп, сонда білім алған және жұмыс істеген.
2020 жылы карантин басталғанда өз отбасын іздеп табуды мақсат етіп қойған.
«Туған анамның тегіне ұқсас барлық адамдарға хабарлама жібердім. «Сіз мені танымайсыз. Бірақ, мына әйелді білесіз бе?» деген сыңайда хат жаздым. Маған ешкім жауап бермеді. Тек бір адам қол ұшын созып, мені желідегі қазақстандық-америкалық қауымдастық парақшасына қосты, осы парақшаға өз оқиғаңды жаз деді. 2020 жылдың 24 шілдесінде түскі 1-де өз оқиғамды баяндап, пост шығарған едім. Санаулы сағатта-ақ телефоныма хабарлама толып қалды. Көптеген қазақтар маған көмектескісі келді. Сол күні кешкі 5-те бір адам Қазақстанда мемлекеттік қызметте істейтін достары бар екенін, солар арқылы іздеп көретінін жазды. Ал кешкі 8-де «Сенің отбасың табылды» деп хабарласты. Мен, әрине, сенген жоқпын. Тіпті не ойларымды білмедім», - дейді кейіпкер.
Осылайша Тайлер Қазақстандағы әпкесімен және бауырларымен бейнебайланыс арқылы сөйлескен.
«Олар мені 16 жыл бойы іздепті. Балалар үйі мен туралы еш ақпарат бермеген. Олардың еш хабары болмаған. 16 жыл өткен соң биологиялық отбасыммен байланысып отырмын. Бұл жазбаны да мақтанғаннан емес, қатты толқығаннан жазып отырмын», - дейді Тайлер (Талғат) Блоттер.