28 шіл, 2020 сағат 18:05

Америкалық екі компания коронавирусқа қарсы вакцинаны жаппай тестілеуді бастады

Америкалық Moderna және Pfizer компаниялары COVID-19-ға қарсы вакциналарын тестілеудің шешуші кезеңіне көшті. Тексеру 30 000 еріктіге жасалады, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Шешуші кезеңдегі тестілеу вакцинаның қауіпсіздігі мен COVID-19-дың алдын алатынын анықтауға арналған. Егер бәрі сәтті өтсе, вакцина жылдың аяғында қолданысқа енуі мүмкін. 

Дәстүрлі вакцина өндіру тәсілдерімен салыстырғанда бұл вакцина жылдам дайындалып, өндірілетін жаңа технологиямен жасалды. РНҚ немесе синтетикалық РНҚ дәнекері иммундық жүйеге коронавирусты танып, бейтараптандыруды үйретеді.

Бұрын соңды нарыққа вакцина шығарып көрмеген Moderna компаниясы АҚШ үкіметінен 1 миллиард доллар алды. 

Ал Pfizer-де АҚШ үкіметімен келісім бар. Егер вакцинаның тиімділігі дәлелденсе, олар 2 миллиард доллар тұратын 50 миллион вакцинаны сатады. 

Қазіргі күні коронавирусқа қарсы 150-ден астам вакцина түрлі жасалу кезеңдерінде және жиырмаға жуық вакцина адамдарға салынып, тексеруден өтіп жатыр. 

Johnson & Johnson компаниясы осы аптада клиникалық сынақты бастайды. Ал вакцинаны ауқымды зерттеуді қыркүйекте бастауы мүмкін. 

Британиялық дәрі шығарушы AstraZeneca вакцинасын кең көлемді сынақтан өткізу биыл жазда басталатынын мәлімдеді. Бұл вакцина Оксфорд университеті зерттеушілерімен бірлесіп дайындалып жатыр. 

Өндірушілер әлемге кең тарап жатқан вирусты тезірек жеңуге тырысып жатыр. Әлемде COVID-19-дан 650 000-ға жуық адам қайтыс болды. 

Pfizer-дің мәлімдеуінше, сынақ сәтті өтіп, вакцина қазанда мақұлданса, компания жыл соңында 50 миллион науқасқа екі доза көлемінде вакцина егеді. 

2021 жылдың соңында Pfizer 1,3 миллиард доза алуды жоспарлап отыр, ал Moderna шамамен 500 немесе 2021 жылдан бастап жылына 1 миллиард дозадан алады. 

Reuters-тің хабарлауынша, осы аптада америкалық биржадағы Moderna акциялары 9%-ға өскен. Pfizer акцияларының өсімі 1,6%-ды құрады, ал оның вакцина жасап шығарған серіктесі BioNTech акциялары 4,2%-ға өсті.