Амбулаторлық қызметтің жүктемесі жоғары болып тұр . Бұл туралы «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Махаббат Бекбосынова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта симптомсыз және ауру жеңіл өтіп жатқан пациенттердің күнделікті статистикасын жүргізіп отырмыз. 15 мыңға жуық адам симпомсыз, 2 мыңға жуық аурудың жеңіл түрі өтіп жатқан пациент ретінде бағаланған. Амбулаторлық буынның жіті бақылауы барысында пациенттердің шамамен 3 пайызы стационарға ауыстырылады. Мұндай мәліметтер күн сайын түседі», - деді ол.
Оның атап өтуінше, аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде тіркелген медициналық мекемеге жүгіну қажет. Қазіргі уақытта медициналық мекемемен байланысуға мүмкіндік беретін байланыс нөмірлері барлық жерде бар.
«Әрине, амбулаторлық қызметте белгілі бір проблемалардың бар екендігі жасырын емес. Біз амбулаторлық буында тек шұғыл қарауларды ғана қалдырып, барлық жоспарлы кеңес берулерді тоқтатуды өтіндік. Өйткені, бүгінде амбулаторлық қызметтің жүктемесі жоғары болып тұр. Кардиолог ретінде күретамыр қысымы немесе жүрек тұсында ауырсыну болған кезде кеңес қажет екендігін түсінемін. Бірақ, ол үшін арнайы ұтқыр топ құрылған. Бұған қоса, COVID-19-бен айналысатын ұтқыр топ та бұл ақпаратты медициналық-санитарлық алғашқы көмекке бере алады», - деді Махаббат Бекбосынова.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта жедел медициналық көмек қызметінің де жүктемесі тым үлкен болып тұр. Бұл қызметке болмашы симптомы бар пациенттер де өте көп қоңырау шалады. Соның салдарынан шұғыл көмек қажет ететін науқастарға дер уақытында жәрдем берілмей жатады. Бұған қоса аптасына 24 сағат жұмыс істейтін амбулаторлық қызмет, яғни, медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінде кезекші бригадалар құру қажет.
«Осыған байланысты жедел медициналық қызмет өте ауыр санаттағы аурулар үшін шұғыл жағдайда жұмыс істеуі тиіс. Меніңше, осы шараларды қабылдау еліміздегі ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік береді», - деді ол.