«AMANAT» партиясының бағдары Жаңа Қазақстан тұжырымдамасымен үндес болуы керек. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бейбіт Исабаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«AMANAT» партиясының бүкіл жұмысын реформалау басталды. Қоғамның өзгерістер мен реформаларға деген сұранысының артуына байланысты саяси реформалардың аясында партия жұмысын түбірімен қайтадан қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Бірінші кезекте партияның бастауыш ұйымдарының жергілікті халықпен байланысы қайта жолға қойылады. Қоғамды, халықты қандай мәселелер толғандырып отыр? Орталық аппарат пен партияның облыстағы бөлімшелерінің арасында жұмысты жандандыру керек. «AMANAT» өкілдері бүгінгі мемлекеттік идеологиямызды қоғамға түсіндіріп, қоғам мен партияның арасындағы түсіністіктің алтын көпірі болу керек», - дейді Сенат депутаты.
Оның пайымынша, «AMANAT» партиясы Жаңа Қазақстанның экономикалық тұғырнамасы нұсқайтын бағдармен үндесіп алға жылуы керек.
«Өкінішке қарай, 30 жылдық тарихымызда экономикалық, әлеуметтік, саяси дамуымызда елеулі жетістіктеріміз болуымен қатар, айтарлықтай кемшіліктер де болды. Оны жасырудың қажеті жоқ. Мемлекет басшысы бұған дейінгі Жолдауларында, халыққа қайырылуында бұл туралы кеңінен айтты. Осы жіберген кемшіліктерден дұрыс қорытынды шығарып, дамудың жаңа, тиімді, ұтымды форматтарын табуымыз керек.
Экономикамыздың алдында тұрған ең негізгі мақсат – халықтың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын, табысын арттыру. Жаңа Қазақстанның экономикалық тұғырнамасы осыған келіп саяды. «AMANAT» партиясы да осы бағдармен үндесіп алға жылжуы керек деп есептеймін», - деді Бейбіт Исабаев.