25 қыр, 2019 сағат 17:44

Алжирдағы перзентханадан өрт шығып, 8 сәби көз жұмды

Алжирде сәрсенбі күні аурухананың жаңа туған сәбилерге арналған палатасы өртке оранып, 8 сәби көз жұмды, деп хабарлайды CNN.

Ennahar жеке телевизия арнасының мәліметінше, өрт шығыстағы Эль-Уэд (El-Oued) провинциясының Al-Um Bashir bin Nasser Hospital ауруханасынан шыққан. Сәбилердің мәйіті түгелдей өртеніп кетті. Бұл оларды тануда қиындық тудырып отыр.

Халықты қорғау мәселесі жөніндегі директораттың мәліметінше, жаңа туған сәбилер күйік шалып, түтінге уланғаннан көз жұмған.

11 сәби, 37 әйел мен 28 қызметкер құтқарылды. Өрт жергілікті уақыт бойынша 3:52-де шыққан. Оқиға орнына ондаған өрт сөндіруші келді.

Алжирдің денсаулық сақтау министрі өрттің себептерін шұғыл түрде тергеуді талап етіп отыр. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өртке электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған.

Көз жұмған балалардың отбасылары аурухана ғимаратының алдына жиналып, оқиғаны тергеуді талап етуде.