05 қар, 2020 сағат 10:00

Алтынемел ұлттық паркінде тағы бір қар барысы фототұзаққа түсіп қалды

Қар барысы Алтынемел ұлттық паркінде қараша айында тағы да фототұзаққа түсті. Бұл - ілбістің аталған ұлттық парктегі екінші видеосы. Қыркүйек айында фототұзаққа бір барыс түскенін ескерсек, енді бұл паркте сирек кездесетін осындай екі жануар мекендейді деуге негіз бар, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Қызыл кітапқа енген аңның саны жылдам азайып келеді. Қазақстанда 120-130, әлем бойынша 7 мыңдай ғана барыс бар. 

Ғылыми дәйектердің жоқтығына қарамастан, Алтынемел ұлттық паркінде барыс мекендейтіні құжат жүзінде дәлелденіп қойды. 

Айта кетейік, бұл жолы фототұзақ басқа тау шатқалына - шатқал шұңқырының, яғни барыс апанының дәл қасына орнатылды. Видеодан барыстың қалай демалып, пырылдағанын, айналаны торуылдап жүргенін көруге болады.

Қыркүйектегі барыс пен осы жолғы барыстың жүрген жері бір-бірінен алыс екенін ескерсек, бұлар екі бөлек аң болуы мүмкін. Болжамды нақтылау үшін ілбістердің терісіндегі дақтар жіті салыстырылады.

Сирек жануарлардың фото, видео түсірілімдері БҰҰ Даму бағдарламасы орнатқан фототұзақтар көмегімен алынып отыр.

Барыстың табылуына байланысты және басқа да сирек ұшырасатын Тянь-Шань аюы, Түркістан мысығы, Тянь-Шань арқары, тас сусар, манул жануарларын зерттеу үшін Алтынемелде жаңа ғылыми-зерттеу жұмысы мен ұлттық парктің жануарлар популяциясының жағдайын бақылау ғылыми бағдарламасы басталады.