9 қыркүйек, жексенбіде Алтынбек Сәрсенбайұлының жақындары, ізбасарлары Алматыдағы Медеу мұз айдыны жолындағы «Просвещенец» шипажайынан Құмбел шатқалы бағытында тауға шығып, «Алтынбек соқпағымен» жүрді. Құмбел тауын бетке алып Көкжайлауға қарай асатын 15 шақырымға созылатын «Алтынбек жолын» 60 шақты адам басып өтті. Еске алушыларға жолдың соңы болған Казачка шатқалында жылдағыдай ас берілді.
«Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қоры» жыл сайын 12 қыркүйек күні саясаткер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күніне орай дәстүр бойынша саясаткерді еске алу шараларын ұйымдастырады. Марқұмның аруағына тағзым етіледі.
Еске алу шарасы аясында саясаткердің үзеңгілес серіктері, жақындары, шәкірттері Сәрсенбайұлының студенттік кезінен қалыптасқан дағдысы бойынша Көкжайлауды асып қайтады.
Саясаткер ылғи да Медеу шатқалынан Көкжайлауға асып, Алма-арасан шатқалына қарай жаяу серуен жасап тұрған. Тіпті, Ресейде Елші қызметінде болғанда да Алматыға жолы түскен демалысында Алатауға шығып қайтатын. Өмірінің соңғы жылдарында аптасына бір рет тау асып келуді әдетке айналдырыпты. Жалғыз Көкжайлау емес, Шалкөдеге, Қайыңсайға, Алатаудың әсем табиғатына жиі серуен құрған. Тіпті, 2005 жылы Алтынбек Сәрсенбайұлы ауылдастарымен жүздесіп: «Бір мұратым – алыстан айбарланып көрінетін Лабасы шыңына шығу. Дәм тартса, келер жылдың жазында жүзеге асырсақ», – деген екен. Алаштың айбарлы Алтекеңі 2006-ның жазын көре алмай кетті. 2006 жылы 11 ақпанда Сұлусайда қастандыққа ұшырап қаза тапты. Алайда Лабасы шыңын Алтекеңнің ізбасарлары бірнеше мәрте бағындырған. Алтынбекті ардақтайтын халқы Құмбелдің етегіндегі оның соқпағымен де жыл сайын жүреді. Биыл еске алушылар «Алтынбек жолын» 13-інші мәрте басты.
Айта кететін болсақ, 12 қыркүйек күні сағат 11:00-де Кеңсай-2 зиратында Алтынбек Сәрсенбайұлының аруағына тәу етіліп, құран бағышталады.