11 ақп, 2024 сағат 16:45

Алтынбек Сәрсенбайұлының қаза тапқанына 18 жыл


2006 жылы 11 ақпанда, яғни осыдан тура 18 жыл бұрын белгілі саясаткер, саяси оппозиционер Алтынбек Сәрсенбайұлы екі көмекшісімен жоғалып кеткен еді. Екі күн өткенде олардың денесін кездейсоқ адамдар Алматыда тау ішінен тауып алды. Марқұмның туыстары Алтынбек Сәрсенбайұлы қазасының шындығы әлі күнге дейін ашылған жоқ деп есептейді.
Алтынбек Сәрсенбайұлы 1962 жылы 12 қыркүйекте Алматы облысында дүниеге келген. 1985 жылы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. 
Университетті аяқтағаннан кейін Қазақ телеграф агеттігінде, «Арай-Заря» журналының редакторы, «Өркен-Горизонт» газетінің бас редакторы болып қызмет етті.
1992 жылдан А. Сәрсенбайұлы Президент аппаратында, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінде жауапты қызметтер атқарды.
1993 жылдан бастап он жыл бойы баспа, ақпарат және мәдениет саласының мемлекеттік органдарын басқарды. 1993 жылдан Баспа және ақпарат министрі, 1994 - 1995 жылдан Баспа және ақпарат жөніндегі Ұлттық агенттіктің төрағасы, 1997  жылдан Қоғамдық келісім және ақпарат министрі, 1999 жылдан Қазақстан Республикасы қоғамдық келісім, ақпарат және мәдениет министрі.
1995 - 2001 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы — Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық Қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі. 2002 жылдың қаңтарынан дипломатиялық қызметте, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған.
2003 жылдан бастап А.Сәрсенбайұлы өз еркімен Президентке отставкаға шығуға арыз беріп, қоғамдық-саяси қызметпен айналысты. 2003 жылдың қараша айында «Ақ жол» Демократиялық партиясының ІІІ съезінде бірауыздан тең төраға етіп сайланды. 2005 жылдың сәуірінен «Нағыз Ақ Жол» Қазақстан Демократиялық партиясының тең төрағасы.