07 қаң, 2019 сағат 21:00

"Алтын глобус" жүлдесінің жеңімпаздары белгілі болды

Лос-Анджелесте "Алтын глобус" киножүлдесін табыстау рәсімі өтті. Биыл "Ерекше драма" номинациясы бойынша "Алтын глобусты" режиссер Брайан Сингердің "Богемдік рапсодия" фильмі ұтып алды. Фильм британдық рок-ұжым Queen тобы жайлы. Онда басты рөлді сомдаған Рами Малек ең үздік драмалық актер атанды.

"Ең үздік режиссер" категориясы бойынша жүлдені мексикалық Альфонсо Куарон алды. Оның "Рим" фильмі "шет тіліндегі ең үздік фильм" атағына ие болды. Бұл туынды бұған дейін Венеция кинофестивалінде "Алтын арыстан" жүлдесін жеңіп алған.

"Ең үздік анимациялық фильм" ретінде "Өрмекші-адам: ғалам кеңістігімен" фильмі танылды. Ал, "Ең үздік драмалық сериал" атағына АҚШ-тағы КГБ агенттері жайлы "Америкалықтар" сериалы ие болды.

Кинематография саласына қосқан үлесі үшін "Алтын глобус" жүлдесімен актер Джефф Бриджес марапатталды. "Әйел" фильміндегі рөлі үшін Гленн Клоуз ең үздік драмалық актриса ретінде танылды.

Майкл Дуглас "Метод Коминск" сериалындағы рөлі үшін ең үздік комедиялық актер атанды. Дәл осы жоба ең үздік комедиялық сериал болып танылды.

Бұрын "Ла-ла-ленд" фильміндегі әуен үшін "Алтын глобус" алған америкалық композитор Джастин Гурвиц бұл жолы да "Айда тұңғыш рет" фильміндегі әуен үшін жүлде жеңіп алды.

Леди Гаганың "Жұлдыз дүниеге келді" фильміндегі Shallow әні "Ең үздік сандтрек" болып танылды.

"Алтын глобус" жүлдесі 1944 жылдан бері жыл сайын тапсырылып келеді. Жүлдені құрамына Голливудта жұмыс істейтін шамамен 90 халықаралық журналист кіретін Шетел баспасөз ассоциациясы тағайындайды.

"Алтын глобус" жүлдесін ұтып алған картиналар мен актерлер Америка киноакадемиясының наградасы - "Оскар" жүлдесін ұтып алуы мүмкін үміткер деп саналады.