ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова еліміздің музей ісі мамандарын Халықаралық музей мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«18 мамыр – бүкіләлемдік қауымдастық үшін ерекше күн. Бұл күні Халықаралық музей мерекесі атап өтіледі. Музейлер мәдени, тарихи және көркем мұраны сақтайды. Музейлер әрбір адам баласы үшін демалыс және өзін-өзі жетілдіру орны. Музейлерсіз қоғамның интеллектуалдық, мәдени, білім беру деңгейін көтеру мүмкін емес. Яғни, музейлер өз елінің және әлемдік өркениеттің мәдени және рухани мұрасын сүюге және түсінуге үйретеді», - деді министр.
Оның атап өтуінше, халықаралық көрмелік жобалар қазақстандық көрермендерге шетелдік музейлердің түрлі маңызды көрмелерімен танысуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Мемлекеттік Эрмитаж, Третьяков галереясы, Францияның Ұлттық музейлерінің бірлестігі – Гранд Пале, Лондонның Виктория және Альберт музейі, Шэнси провинциясының тарихи музейі (Сиян қ.), Ислам мәдениеті музейі (Каир қ., Египет), іске асырған халықаралық жобалар аясында түрлі көркем және шығармашылық шаралар ұсынылды.
Музейлер сонымен қатар Қазақстанның мәдениетін шетелге таныстырып келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп келе жатқан ең жарқын жобалардың бірі - «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» соның айғағы. Үш жыл ішінде «Алтын адам» әлемнің 26 елінің ұлттық музейлерінде көрсетілді.
«Короновирус пандемиясына байланысты музейлердің онлайн режимде ұсынған белсенді жұмысын да ерекше атап өту керек. Осы күндері музейлер келушілер үшін виртуалды кеңістікте қолжетімді болды. Соның арқасында биыл Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық музейі мен Алматы қаласындағы ҚР Орталық мемлекеттік музейі ТМД елдері ішінде виртуалды музейлердің үздік бестігіне енді. Сонымен қатар, биыл Қазақстанның музей ісіндегі теңдессіз флагмандардың бірі – Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің ұжымы 85 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы орайда барлық музейлердің кәсіби және шығармашылық белсенді командасына ерекше алғыс айтамын және жұмыстарына табыс тілеймін. Отандық музей ұжымдары мен өнерсүйер қауымды халықаралық музей күнімен құттықтай отырып, барлығыңызды осы мерекені бірге тамашалауға шақырамын», - деді Ақтоты Райымқұлова.