Енді наркологиялық, психо-неврологиялық және туберкулезге қарсы анықтамаларды телеграм-бот арқылы жылдам қол жеткізуге болады.
Қостанай облысының тұрғындары бір жылдан бері қажетті анықтамаларды мобильді қосымша арқылы алып келеді. Өткен айдың өзінде Телеграм-боттың көмегіне жүгінгендер саны 6 мыңға жеткен. Аталған қызмет Денсаулық сақтау министрлігінің және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясының бірлескен жобасы аясында іске қосылған болатын.
«Бұл қызмет смартфоны бар адамдарға өте қолайлы. Қосымша арқылы анықтамаларды алу да тегін. Онда көбіне мекенжай анықтамасы, сотталмағандығы туралы, психо-неврологиялық анықтамалар жиі сұралады. Сондай-ақ, дәрігердің қабылдауына да жазылуға болады», - дейді Қостанай облысының «Азаматтарға арналған үкімет» бөлімшесінің меңгерушісі Әсел Науразбаева.
Белгілі анықтамаларды алу үшін «Мобильді азаматтар базасына» тіркелу қажет. Ол үшін eGov.kz порталындағы өзіңіздің жеке кабинетіңізді байланыстыру керек. Сондай-ақ, Telegram-бот арқылы 25 қызмет түрін алуға мүмкіндік бар. Оған қоса дәрігермен кездесуге немесе үйде отырып дәрігерге қоңырау шалуға болады.
«Мобильді азаматтар базасына» ХҚКО-ға келіп тіркелуге қажет. Бір реттік тіркелуден өткен соң, қосымшаны пайдалана беруге болады», - дейді Әсел Науразбаева.
Телеграм қосымшасын телефонға орнатып, нөмерді тіркеу арқылы қосымшаға ену керек. Қосымшадағы іздеу бөлімі арқылы @EgovKzBot атауын табу қажет. Боттағы қызметті бастау үшін «Бастау» пәрменін таңдау арқылы қызметтерді алуға болады. Бұл қосымша сапалы әрі жылдам қызмет алуға көп септігін тигізбек.
Естеріңізге сала кетейік, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асырылып отыр.