Фото: gov.kz
Алтай Көлгінов Премьер-министрдің орынбасары қызметінде қалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
"Алтай Сейдірұлы Көлгінов Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалсын", - делінген Мемлекет басшысының Жарлығында.
Алтай Сейдірұлы Көлгінов 1978 жылы 15 қаңтарда дүниеге келген.
Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Абердин университетін бітірген. Мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі, халықаралық коммерциялық құқық магистрі.
2001-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және Бас прокуратура органдарында әр түрлі лауазымда қызмет атқарады.
2008-2010 жылдары жеке меншік компанияда қызмет етті.
2010-2012 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің аумақтық-ұйымдастыру және мемлекеттік бақылау жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.
2012-2013 жылдары – Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары.
2013-2016 жылдары Орал қаласының әкімі қызметінде болды.
2016-2019 жылдары Батыс Қазақстан облысының әкімі болды.
2019 жылғы маусымнан 2022 жылғы желтоқсан аралығында – Астана қаласының әкімі.
2022 жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Премьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалды.
Айта кетейік, Алтай Көлгіновтің кандидатурасы Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында келісілген еді.
Өзінің лауазымдық міндеттері аясында келесі мәселелерге жауапты:
- білім және ғылым;
- денсаулық сақтау;
- әлеуметтік жаңғырту, әлеуметтік саясат, жұмыспен қамту;
- мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы;
- мемлекеттік жастар және отбасы саясаты;
- конфессияаралық және этносаралық татулықты қамтамасыз ету;
- мәдениет пен спортты дамыту;
- мемлекеттік тілді дамыту;
- демографиялық және көші-қон саясаты;
- ақпарат;
- туризмді дамыту;
- әлеуметтік әріптестік, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиялардың (республикалық, өңірлік және салалық) жұмысы.