09 мау, 2020 сағат 19:34

Алтай Көлгінов ерекше күтімді қажет ететін балалардың аналарымен кездесті

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов ерекше қажеттілігі бар балалардың күтімімен айналысып отырған аналармен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ерекше қажеттілігі бар балалардың күтімімен айналысып отырған аналармен кездестім. Кездесу барысында тұрғын үй, медициналық көмек және қосымша білім алу, жұмысқа орналасу, балаларды оңалту үшін жағдай жасау мәселелері көтерілді. Осы бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Оңалту орталықтарының желісін кеңейтеміз, ипподром базасында иппотерапиямен айналысуға арналған жабық манеждің құрылысы басталды. Сонымен бірге жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында әлеуметтік нысандар ашылады (балаларға арналған шағын орталықтар, оңалту орталықтары, балабақшалар). Инватакси саны екі есе артты», - деді әкім өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сондай-ақ әкім аналарға медициналық көмек алуға, жұмысқа орналасуға және қосымша білім алу бағыттарында көмектесетіндігін жеткізді.

«Медициналық көмек алуға, жұмысқа орналасуға және қосымша білім алуға көмектесеміз. Кездесуде айтылған мәселелер жұмысқа алынды», - деді әкім.