06 нау, 2019 сағат 13:26

Әлтаев: Ауылдағы әйелдердің бизнеспен айналысуға мүмкіндігі жоқ

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ауылдарда жеке кәсібі бар әйелдердің мәселесін көтерген бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, қазіргі депутат Нұржан Әлтаевты мақтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында жуырда ғана депутат болған экс-вице-министр Нұржан Әлтаев ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлікті дамыту мәселесін көтерді. Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында ол халықтың жартысына жуығы тұратын ауылдық жерлерде табыс өте төмен екенін атап өтті. Ал кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасында гендерлік аспект тиісті деңгейде ескерілмеген.

"Біз ауыл әйелдері арасында кәсіпкерлікті дамыту шараларын қолға алуымыз қажет. Ауылда тұратын әйелдер мобильді емес, білімі де жеткіліксіз, толыққанды дамуға, бизнеспен айналысуға мүмкіндіктері жоқ. Ауыл әйелдері арасында табыстың төмендігі өңірлік және ұлттық ауқымда елдің дамуын тежеп отырған маңызды проблема", - деді Әлтаев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде микрокредитке бөлінетін 62 миллиард теңгенің тек 20 проценті ғана кәсіпкер әйелдерге беріледі. Ол сонау 90-шы жылдардың басында ерлер емес, дәл осы әйелдер қазақстандық кәсіпкерліктің негізін қалағанын атап өтті.

"Бәріміздің есімізде шығар, 90-шы жылдардың басында еліміз енді ғана тәуелсіздік алғанда, ерлер диванда жатып, нарық пен нарықтық экономиканың не екенін түсінуге тырысып, бас қатырып жүргенде, дәл осы әйелдер қазақстандық кәсіпкерліктің негізін қалады", - деді мәжілісмен.

Жас депутаттың маңызды проблеманы көтергені Нұрлан Нығматулинге ұнап қалды. 

"Үкіметтен парламентке келген кейде пайдалы екенін көріп отырсыздар ғой?! Үкіметте осы мәселелер жүктелді – айналысқан жоқ. Мында келді – проблеманы байқап қалды. Жарайсың", - деп мақтады депутатты Нығматулин.

"Әйелдер көмек сұрайды", - деп қысқа қайырды Әлтаев.

Айта кетсек, Нұржан Әлтаев осы жылдың ақпанында мәжіліс депутаты болды. Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары қызметін атқарған.