Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қырғыз тауларында жоғалған альпинистерді іздестіру жұмыстары жалғасқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Альпинистер бойынша: кеше 14 тамызда альпинистер Жеңіс шыңына дейін шыққанымен, 15 тамызда қар боранына тап болғаны хабарланған болатын. Алпинистердің бірі қайтыс болып, екеуі көмек сұраған. Аталған тау шыңы Қырғызстан аумағында орналасқандықтан, екі күн бұрын құтқару операциясы қолға алынып, қырғыз шекарашыларынан әуе кеңістігін пайдалану рұқсаты алынған. Алайда біздің құтқарушы тікұшақ қатты боранның салдарынан биікке көтеріле алмады. Бүгін жергілікті уақыт бойынша сағат 10.00-де құтқару операциясы қайта жанданды. Бортта тәжірибелі құтқарушылар баршылық. Тікұшақ таулы аймаққа барынша бейімделген», - деді Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.
Десе де, министрдің айтуынша, теңіз деңгейінен 6 мың метр биіктікке әуе кемелерінің көбі көтеріле алмайды.
«Әуе кемелері барынша биікке көтеріліп, құтқарушылар іздестіру жұмысын жалғастырады. Ең қиыны, альпинистердің нақты қай жерде екенін біле алмай отырмыз. Сондықтан, барынша ауқымды іздестіру жұмыстарын қолға аламыз. Қазір біз GPS арқылы жоқ дегенде болжамды орындарды анықтау үшін арнайы қызметтерді іске тартып жатырмыз», - деді ол.
Еске салсақ, алматылық альпинистер тобы Қырғыз тауларында жоғалған. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев тауда қазақстандық альпинистер тобының жоғалып кетуіне қатысты Instagram парақшасында алаңдаушылық білдірді.
Кейінірек жоғалған альпинистердің бірінің қызы әлеуметтік желі арқылы қалың көпшіліктен көмек сұрады.
Сондай-ақ, ҚР Қорғаныс министрлігі альпинистерді құтқару операциясын бастады.
Сондай-ақ бүгін Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов құтқарушылардың Тянь-Шань тауында жоғалып кеткен альпинистерді іздеуге ұшып кеткендігін хабарлады.