22 там, 2019 сағат 11:36

Альпинистерді іздеу жұмыстары нәтиже бермей отыр – ҚР Қорғаныс министрлігі

ҚР Қорғаныс министрілігі Тянь-Шань тауында жоғалған қазақстандық альпинистерді іздеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқандығын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомствоның мәліметінше, қазақстандық әскери қызметшілер жоғалған альпинистерді іздеп, Победа шыңын 14 рет айнала ұшып өткен. Іздеу жұмыстары 5 100-ден 6 000 метр биіктікке дейінгі аралықта жүргізілген.

«Тау шатқалына барынша жақын келу аралығы 70 метрді құрады. Іздеу-құтқару операциясының жетекшісі Василий Пивцовтың айтуынша, көзбен шолу, сонымен қатар тепловизор пайдалану арқылы қарау еш нәтиже бермеген. Тірі адамдардың ешқандай белгісі немесе мүрде табылмаған. Бұған қоса, ол жаяу операция мақсатқа сай келмейтіндігін айтып отыр. Себебі аталған ауданда қар көшкінінің орын алу қаупі сақталуда. Бұл бағдарға шығатын адамдар үшін үлкен тәуекел әрі қатер төндіреді. Қазіргі уақытта әскерилер Қарқара лагерінде», - деп атап өтеді министрліктен.

Еске салсақ, алматылық альпинистер Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және Александр Чечулин Қырғыз тауларында жоғалып кетті. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев альпинистер тобының із-түзсіз кетуіне қатысты Instagram парақшасында алаңдаушылық білдірді.

Кейінірек құзға өрмелеушілердің бірінің қызы әлеуметтік желі арқылы қалың көпшіліктен көмек сұрады. 

Көп ұзамай ҚР Қорғаныс министрлігі альпинистерді құтқару операциясын бастағанын мәлім етті.  

Құтқарушылар тобына әйгілі альпинист Мақсұт Жұмаев жетекшілік етуде.