Қырғыз Республикасының экс-президенті Алмазбек Атамбаевқа бұлтартпау шарасы қолданылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Кабар» агенттігіне сілтеме жасап.
«Алмазбек Атамбаев 26 тамызға дейін қамауға алынды», - деп мәлім етті Первомай аудандық сотынан. Елдің бұрынғы басшысы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің Тергеу изоляторында болады.
Әзірге ведомство бұдан басқа түсініктеме берген жоқ.
Ақпаратты экс-президенттің адвокаты Сергей Слесарев та растап отыр.
Заңгердің айтуынша, экс-президент Қырғызстанның Қылмыстық кодексінің 319-бабын (Жемқорлық) бұзды деген күдікке ілінгені туралы ІІМ хабар берген.
Айта кетейік, 7 тамызда Қырғызстанның Кой-Таш ауылында арнайы жасақ Атамбаевты ұстау операциясын жүзеге асырмақ болды. Алайда бұрынғы мемлекет басшысының жақтастары оларға тойтарыс берді.
Ал 8 тамызда құқыққорғаушылар тағы операция бастап, 19.30-да Атамбаевты ұстады. Кейінірек наразылық білдірушілер күшпен тарқатылды. Соңғы деректерге сүйенсек, екі күндік қақтығыс салдарынан 85 адам зардап шеккен, арнайы жасақтың бір сарбазы оқ жарақатынан көз жұмды.
Атамбаевтың үйінде болған оқиғалардан кейін Қырғызстанның Бас прокуратурасы «Жаппай тәртіпсіздіктер», «Бұзақылық», «Адам өлтіру», «Адамды кепілге алу» баптарымен сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастағанын мәлімдеді. Дегенмен, ел астанасындағы жағдай тұрақты екені атап өтілді. Айта кетсек, 8 тамызда Қырғызстанға Шолпан атада өтетін ЕАЭО елдерінің Үкімет басшылары кездесуіне (9 тамыз) ресми делегациялар келе бастады. «Елдегі оқиғаларға қарамастан, Еуразия үкіметаралық кеңесі белгіленген уақытында өтеді», - деп мәлімдеді Қырғыз Республикасы премьер-министрінің баспасөз хатшысы Әділет Сұлтаналиев.
Сондай-ақ 8 тамызда Жогорку Кенештің кезектен тыс отырысы өтіп, онда ел президенті Сооронбай Жээнбеков билік «халықтың бөлінуіне, тұрақсыздықтың орнауына жол бермейтінін» мәлім етті.
«Атамбаевтың тарабы атыс қаруын қолданғанына қарамастан, арнайы күштер атыс патрондарын пайдаланған жоқ», - деді ол.
«Егер кешегі күнге дейін Атамбаевты тергеуге куәгер ретінде шақырса, енді оған аса ауыр қылмыс жасағаны үшін күдікті ретінде қарайтын болады», - деді Жээнбеков.
Бұдан бөлек, парламент отырысында депутат Мыктыбек Абдылдаев Атамбаевтың үйіне шабуыл жасау кезінде тұтқынға алынған арнайы жасақ қызметкерлері босатылғанын хабарлады.