Алматыда «Алматының визит орталығы» («Vіsіt Almaty») атты туристік ақпараттық орталық ресми түрде ашылды. Мегаполис басшысы Бауыржан Байбек қалаға келген әрбір шетелдік қонақтың көрікті жерлер, мәдени оқиғалар, мейманханалар туралы «бір терезе» принципі бойынша толық мәліметті қалай алатындығымен танысты.
Қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Жайлаубай визит орталықтың Алматы тұрғындары мен қонақтарына мегаполистің туристік әлеуеті туралы кәсіби кеңес, жол карталары мен тау бағыттарының атластарын, туроператорлар брошюраларын, мәдени-бұқаралық шаралардың анонстарын беретіндігін айтты. Сонымен қатар, экскурсияға, естелік, сәндік бұйымдарға тапсырыс алатындығы, ең бастысы, туристер үшін мобильді байланыс операторының SІM-картасын бейімдеуді жүзеге асыратындығы аталып өтті. Қазіргі кезде барынша танымал локацияларда ақпараттық туристік киоскілер ашу мәселесі қарастырылуда. Басқарма басшысы мұндай орталықты ашу Париж, Лондон, Дубай, Нью-Йорк, Барселона сынды туризм саласы дамыған қалалар тәжірибесінен алынғандығын жеткізді.
– Қазірдің өзінде www. vіsіtalmaty.kz ресми сайты жұмыс істеуде, кейін ол жеті тілді қамтитын болады. Сайтта қаланың белгілі көрнекі орындары, ұлттық мәзір дайындайтын мейрамханалары, күнделікті өтетін мәдени шаралар тізбегі туралы толық ақпараттар жарияланады. Визит орталықта кеңес беру аймағы, сувенир аймағы, сөйлесу аймағы бар, сондай-ақ түрлі шаралар өткізетін интерактивті аймақпен де қамтамасыз етілген. Техникалық тұрғыдан ашылғалы бері бұл жерге 109 турист хабарласты, – деді орталық директоры Әсел Нұркебаева.
Ол саяхатшылар үшін төтенше жағдай туындаған кезде түрлі мәселені жедел шешетін шұғыл желі құрылғанын да атап өтті.
Жалпы, «Алматының визит орталығын» болашақта мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің катализаторына және Алматы кластерінің туристік девелопментіне айналдыру жоспарланған. Халықаралық нарықта туристік әлеуетті көрсету жобаларын жүзеге асыру, өңірдің рейтингі мен бәсекеге қабілеттілігіне талдау жасау, туризмді дамыту мүмкіндіктерін іздестіру, осы салада түрлі зерттеулер жүргізу ТАО жұмысының басты бөлігі болады.