Алматыда сатып алушы цифрлық техника дүкенінен жаңа смартфон алу үшін тоғыз қап тиын берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ерекше сатып алушы туралы мәлімет цифрлық техника сататын дүкеннің Instagram желісіндегі ресми парақшасында жарияланды. Суретте кассир қыз 50 және 100 теңгелік тиындар салынған тоғыз қаппен түскен, ал оның артында сатып алушының өзі мен досы түсіп қалған, деді компаниядағылар.
«Бірнеше күн бұрын жас жігіт дүкенге келіп, жаңа смартфонның ақысын тиынмен төлейтінін айтты. Соңғы бес жылда мұндай оқиға бірінші рет болып отыр, сондықтан біз осы жағдайды суретке түсіріп алуды шештік», - деді компания call-орталығының операторы. Қаптардағы тиынның мөлшері 240 мың теңгені құраған.
Қолданушылар арасында қаптардың банкке тиесілі екенін және онда арнайы банк мөрінің тұрғанын айтқан, алайда дүкен қызметкерлері бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Бұл қарапайым қаптар, сіз немесе біз ақша жинайтын болсақ осындай қапты қолданар едік», - деді дүкен қызметкері.