Алматылық мүмкіндігі шектеулі оқушы Рубик текшесін (кубик-рубик) санаулы уақытта санайтын робот құрастырып шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Facebook әлеуметтік желісінде талантты баланың роботын таныстырған видео тарады.
Қалың көпшілік оны қазақстандық «Илон Маск» деп атап жүр.
«Біздің оқушының талабына баға берсеңіздер. Көп адамдар текшені жинай алмай жүргенде, Серік Хангелді оны жинайтын робот ойлап шығарды. Серік - мектебіміздің, еліміздің мақтанышы», - деді № 40 мектеп директорының орынбасары №40 Ермек Ербошаев.
Баланың әжесінің айтуынша, 3 жасынан бастап Серік модельдеуге әуестене бастаған.
«Серік 5 жыл бұрын құраған роботты Америкада 62 жастағы өнертапқыш адам құрастырған екен. Кейін оның еңбегін Ресейде қайталады. Ал Қазақстанда бірінші рет Серік жасады. Бұл – Серіктің төртінші жұмысы. Басқа жұмыстарын осы уақытқа дейін көп көрсеткен емеспіз», - деді әжесі Айтгүл Әбдірахманова.
Денсаулығының жағдайына байланысты Серік Хангелді үйден оқып жүр.
Қазір ол 9-сыныпта оқиды. Бос уақытында шахмат ойнап, робототехникамен айналысады.
«Робототехника бойынша арнайы білім алған жоқпын. Роботты жасағанда интернеттегі инструкция мен программаға қарап отырдым. Роботты құрауға 7 күн уақыт кетті. Lego құралған робот адамның көмегінсіз Рубик текшесін жинайды», - деді Серік Хангелі.
«Қазақстандық Илон Масктың» жұмысына қытай компаниясы қызығушылық танытып отыр. Балаға арнайы роботтехника сабақтарына онлайн қатысуға ұсыныс түскен.
«Сайтқа кеше тіркелдік. Енді Серік қытайлық өнертапқыштармен бірге түрлі модель құрайтын болады», - деді әжесі.