16 қыр, 2025 сағат 14:50

Алматыға жарты жылда 1 млн-нан астам турист келді

Фото: Алматы әкімдігі

2025 жылдың алғашқы жарты жылында Алматы қаласына 1,14 миллионнан астам турист келді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5%-ға артық. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасы хабарлады.

Туристердің ішінде 323,5 мың шетелдік және 816,5 мың отандық саяхатшы бар.

Әсіресе Қытайдан келетін туристер саны айтарлықтай өскен. Биылғы 6 айда Алматыға 54,1 мың қытайлық азамат келіп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 33,4%-ға артқан. Қытай туристері сан жағынан Үндістаннан кейінгі екінші орында. Үздік бестікте сондай-ақ Түркия, Оңтүстік Корея, АҚШ, БАӘ және Германия азаматтары бар.

Айта кетейік, туристер ағынының артуына қаланың туристік инфрақұрылымын дамыту және заманауи сервистерді енгізу бағытындағы белсенді жұмыс ықпал еткен.