Еркін Өтепов - апаттан аман қалған жолаушылардың бірі. Ол Нұр-Сұлтан қаласына іс сапармен ұшпақшы болған екен. Тек соңғы сәтте ұшақтың артқы бөлігіне отыруының арқасында ғана аман қалған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Негізі, сатып алған орны - қаза тапқандардың қатарында екен. Оның айтуы бойынша, салоны суық әуе кемесі соққы алғаннан кейін, бірден төмен қарай құлдилай бастаған.
Алдын ала суық хабарды ескерткендей, ұшақтың іші салқын болғанын басқа да жолаушылар байқаған. Өзінің 9 айлық баласы мен жарын алып, Нұр-Сұлтанға беттеген Мақсұт Ғатиат жаңа жылды ата-анасымен қарсы алып, немерелерін алғаш көрсетуге асыққан екен. Ұшақ қозғалған сәттен бастап, жолаушы жары мен баласын қолынан жібермегенін айтады.
Атап өтсек, қайғылы оқиға 27 желтоқсан таңертең болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.
Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш қазір ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр.
Президент тапсырмасымен Премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.