26 қаң, 2022 сағат 12:06

Алматыдағы дүкенді тонаған мародер Түркістанда ұсталды


Алматыда дүкенді тонаған мародер Түркістанда ұсталды. Бұл туралы бүгін брифингіде Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Асылжан Қалдарбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Түркістан қалалық Полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері Кентау қаласының біріндегі қонақ үйге аялдаған Өскеменнің 2 тұрғынын анықтаған. 

Күдікке ілінген олардың біреуі ұрланған заттарды Түркістан қаласындағы ломбардқа өткізіп тұрған жерінен ұсталды. 

«Ұсталған күдікті бұрын қарақшылық қылмысы үшін сотталғанын анықтадық. Оның айтуынша, досымен бірге 5 қаңтарда Алматыға барған. Яғни, жаппай тәртіпсіздік кезінде Kcell, Activ дүкендерінің бірін тонап, ол жерден 5 дана Samsung телефонын, 2 дана сымсыз құлаққапты және Apple watch брендтік смарт-сағатты алып кеткен. Жалпы келтірілген шығын көлемі миллион теңге жуық», - деді полиция полковнигі.

Күдіктілер іздерін жасыру мақсатында қайтадан Өскеменге үйлеріне қайтқан. Сол жақта 3 дана телефонды ломбардқа өткізіп, ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсап жіберген. Алдын ала жоспарлы түрде әрекет еткен екеу блокбекеттердің барлық жерде алынып тасталғанын пайдаланып, Түркістан облысына таксимен келген. 

«Бүгінгі таңда аталған жайтқа байланысты тергеушілер ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық« бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізуде. Күдікті қамауға алынды. Ал айғақты зат ретінде ұрланған заттардың бір бөлігі тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу кезінде қылмыстың барлық жай-жапсарын анықтайтын боламыз», - деді А.Қалдарбеков. 

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері күдіктінің сыбайласы, яғни екінші жас жігітті іздестіруде.