
Алматыдағы атысқа қатысты оқиғаның мән-жайы белгілі болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға бүгін, 20 қыркүйекте сағат шамамен 17.00-де болған. Екі адамның меншік құқығына қатысты дауы бойынша сот шешімін орындау процесі кезінде жанжал шыққан.
"Сот шешімін көрген соң, жергілікті тұрғын үйге жүгіріп барып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Бес адам, оның ішінде қызметте болған екі полиция қызметкері, оқтан жарақат алып, қаза болды", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, күдікті арнайы жасақ сарбаздары көмегімен қару қолданылмай ұсталды, өйткені үйде әйелдер мен балалар болғаны ескерілген.
"Факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс жасағаны үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Оқиға болған жерді полиция қоршауға алды. Тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.
Еске салайық, бүгін, 20 қыркүйекте сағат 17.00-де Алматының Алатау ауданындағы "Ақбұлақ" шағынауданында атыс болған еді.
Айта кетері, бас кезінде қайтыс болғандардың арасында төтенше жағдайлар департаментінің екі қызметкері бар деген ақпарат тараған. Алайда төтенше жағдайлар министрлігі ол мәліметті жоққа шығарды. Олар куәгерлер немесе үйді өндіріп алған жақтың өкілдері болуы мүмкін.
3556 рет оқылды