Фото: Duzr Almaty
2004 жылы «Халықаралық клубтар қауымдастығы» ЖШС Алматы облысы, Қарасай ауданы аумағынан (қазіргі Алматы шекарасына енген) 884,9 гектар жер учаскесіне ауыл шаруашылығы мақсатында меншік құқығын алған болатын. Бұл құқық сол жылы аудан әкімінің шешімімен берілген. 2015 жылы Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы шешімімен аталған жер учаскесі 16 бөлікке бөлініп, жаңа кадастрлық нөмірлерге ие болды, деп хабарлайды Ult.kz Алматы қаласының жер ресурстарын басқару департаментіне сілтеме жасап.
Алайда, бұл учаске арқылы Керенқұлақ пен Берқара өзендерінің ағуы заң мәселелерін тудырған. ҚР Жер кодексінің 132 және 133-баптарына сәйкес су қорының жерлері мемлекеттік меншік болып табылады және тек уақытша пайдалануға ғана берілуі мүмкін.
Алматы қаласының прокуратурасы бұл жағдайда «су айдындары алып жатқан жерлерді беруге тыйым салу бөлігінде жер заңнамасының нормалары ескерілмеген» деп пайымдайды.
Осыған байланысты Алматы қаласының прокуратурасы «Халықаралық клубтар қауымдастығы» ЖШС мен Қарасай ауданы әкімдігіне мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап арыз берген. Іс Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының өндіріске алуымен қаралуда.
«Мемлекеттік органдардың, жеке, заңды және лауазымды тұлғалардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету – жер заңнамасының міндеттерінің бірі болып табылады», – деп мәлімдейді прокуратура өкілдері.