25 қар, 2020 сағат 19:45

Алматыдағы ағаштардың кесілуіне байланысты полиция қызметкерлері де жауапқа тартылуы мүмкін

Алматыда ағаштардың жаппай кесілу оқиғасына қатысты полиция қызметкерлері де жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл туралы Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары Берік Адамов онлайн брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, заңсыз ағаш кесу орын алған жерді күзетіп жүрген полиция қызметкерлерінің әрекеттерінің заңға сәйкестігі тексеріледі.

«Біз қала тұрғындарының әлеуметтік желілердегі шағымын зерделеп, тексеріс жүргізудеміз. Оны Алмалы ауданының прокуратурасы жүргізіп жатыр. Полиция қызметкерлерінің іс-әрекетіне заңды баға беріледі. Тексеру нәтижелері бойынша полиция бөліміне бұйрық жіберіледі», — деді Берік Адамов.

Бұған дейін, Алматыда Төле би көшесіндегі сауда үйінің алдындағы сирек кездесетін ағаштарды кесіп тастаған күдікті анықталғаны туралы жазған болатынбыз.

Еске сала кетсек, 23 қарашаға қараған түні Алматыда сауда үйінің жанында (Әуезов-Төле би көшелерінің қиылысы) жайқалған емен мен қарағаш оталды. Бұған қатысты тұрғындар әлеуметтік желіде наразылық білдірді.

Кейін Алматы қалалық Жасыл экономика басқармасы сауда үйінің алдындағы ағаштардың жаппай кесілуінің мән-жайын анықтады.

Бұл жағдайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа қызметтік тексеру жүргізуді, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды.

24 қараша күні Б.Сағынтаев мәселені өз бақылауына алғанын мәлім етті.