19 қар, 2020 сағат 09:34

Алматыда жасырын есірткі зертханасы анықталды

Алматы полициясы есірткі зертханасын жою үшін арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қалалық Полицияда департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, арнайы жүргізілген операция барысында Абай даңғылының бойында «Hyundai» автокөлігі тоқтатылды. Көлікте екі ер адам болды. Тінту кезінде А. есімді азаматтың қалтасынан «мефедрон» синтетикалық есірткі салынған орамалар табылды. 

«Белгілі болғанындай күдіктілер «Жетісу» ықшамауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің бір пәтерінде жасырын есірткі дайындаған. Химиялық компоненттер – есірткі жасауға арналған заттарды, олар, тоңазытқышта сақтаған. Қонақ бөлмесінде ақ түсті ұнтақты зат, полиэтилен пакеттер (орауға арналған), өсімдік тектес жасыл және ақ түсті ұнтақты зат табылды. Жатын бөлмеде химиялық реагенттерді, синтетикалық есірткілерді шығаруға арналған түрлі компоненттерді, екі магнитті араластырғышты, желдеткішті және екі май радиаторларын сақтаған. Біз үшінші күдіктіні жалдамалы пәтерден ұстадық», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Алмағамбетов. 

Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес тәркіленген заттар психотроптық зат «Меткатинон» (мефедрон) болып шықты. Тәркіленген шикізат пен дайын өнімнің жалпы салмағы 10 келіні құрады. 

«Ұсталғандар қамауға алынды. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 297 бабы қылмыс белгілері бойынша тергелуде. Сонымен қатар, жалпы жедел іс-шаралармен қатар, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл саласындағы әлеуметтік үгіт материалдары арқылы халықтың есірткіге қарсы иммунитеттің алдын алу және қалыптастыру бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Бүгінде қала аумағында 56 сыртқы жарнамалық билборд бар. Сондай-ақ, 79 LED-экран нашақорлықтың алдын алуға бағытталған ақпаратты таратады», – деп қорытындылады Алмағамбетов.