09 қар, 2021 сағат 11:12

Алматыда жас қызды өлтіріп, денесін өртеп жіберген күдікті ұсталды

© Sputnik / Табылды Кадырбеков

Алматы полициясы Медеу ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде алматылық жас қызды өлтірді деген күдіктіні ұстады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Полиция департаментінің хабарлауынша, күдікті азамат Алматы маңындағы елді мекенде құрықталған.

"Алматы қаласы Медеу ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде азаматшаны өлтірді деген күдікті ұсталды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кешенді тергеу шаралары жалғасып жатыр", - деді Медеу аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Дәурен Өтебаев.

Еске салайық, бұл жантүршігерлік қылмыс жайлы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған болатын.

«Алматыда Достық 138, «Латифа» тұрғын үй кешенінде қызды өлтірді. Алдымен буындырып өлтіріп, артынан өртеп жіберген. Бұл туралы үндемей қалмаңыз! Қазір учаскелік полицейлер оның жезөкше болғанын айтып жатыр. Полицейлерге күнделікті жалға берілетін пәтерлер жезөкшелер үйіне және тозаққа айналғанын талай рет айттық. Бірақ бұл ақпаратты олар елеген емес», - делінген жазбада.

Полиция департаменті жәбірленушінің жеңіл жүрісті әйел екендігі туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтқан болатын.