14 қар, 2025 сағат 12:01

Алматыда «Warner Bros» атауын пайдаланып, қаржы пирамидасын құрған ұйымдастырушы 5 жылға сотталды

Фото: ашық дереккөз

Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Алматы қаласы бойынша департаменті «Warner Bros» атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасына қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу материалдарына сәйкес, пирамида ұйымдастырушылары азаматтарды жоғары табыс уәде етіп, жобаға инвестиция салуға үгіттеген. Заңды көрініс беру мақсатында бұл іске еш қатысы жоқ әлемге әйгілі голливудтық Warner Bros студиясының атауы пайдаланылған.

Қатысушыларға фильм трейлерлерін қарау және жаңа салымшыларды тарту арқылы табыс табу ұсынылыпты. Пирамида 9 деңгейден тұрған, орташа салым мөлшері – 225 мың теңге, ал төлемдер тек USDT криптовалютасында қабылданған.

Схеманы жылдам тарату үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлер белсенді қолданылған. Әкімшілер арнайы чаттар құрып, оқыту жүргізіп, нұсқаулықтар мен бейнероликтер таратқан. Қатысушыларға тез пайда мен криптовалюта түрінде сыйақы уәде етілген.

Тергеу барысында салымшылардан жиналған қаржыны сақтау үшін пайдаланылған криптоәмияндар анықталды.

Сот санкциясымен жалпы 3,8 млн USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.

Сот үкімімен қаржы пирамидасын ұйымдастырушы 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сонымен қатар, сот 40 жәбірленушінің азаматтық талаптарын қанағаттандырып, олардың шығыны тыйым салынған криптоактивтер есебінен өтелетін болды.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.