19 там, 2021 сағат 23:33

Алматыда вакцина паспортын жасаған емхана меңгерушісі ұсталды


Алматыда емхана меңгерушісі, оның қол астындағылар мен делдалдар жалған вакцинация паспортын сатты деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сілтеме жасап.

«Олар пандемия кезеңінде COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында енгізілген карантин режиміне қарамастан, Алматы қаласы аумағында ақшалай сыйақы үшін 100-ден аса жалған вакцинация паспортын дайындады және сатты деген күдікке ілінді. Сондай-ақ, вакцина алу журналына және ДСМ «Вакцинация» электронды модуліне әдейі жалған ақпарат енгізген. Соның негізінде egov.kz электронды үкімет порталында коронавирус инфекциясына қарсы жалған электронды вакцинация паспорттары толтырылған», - деп хабарлады Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі. 

Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. 

Ведомство күдіктілерге қатысты шешімді олардың кінәсінің дәрежесін анықтай отырып сот шығаратынын атап өтті.