Бүгін Алматы қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен мемлекеттік тілді оқыту бойынша «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты бірінші республикалық конгресі өтті, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Аталған шараға Жансейіт Түймебаевпен бірге, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.Әзілханов, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары, Ассамблея мүшелері, этномәдени және жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жылы халыққа арнаған Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Мемлекеттік тіл мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Осы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді дамытуға арналған «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумын тұрақты ұйымдастырып келеді», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Мұрат Әзілханов елімізде 2014 жылдан бері этномәдени бірлестіктер жанында мемлекеттік тіл мен әр этностың өз ана тілін оқыту курстары ұйымдастырылып келетінін айтты.
Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту туралы ұсыныстарын ортаға салды. Президент тапсырмасымен тіл саясатын іске асырудың 2020-25 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілін латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді.
«Ахмет Байтұрсыновтың бір жақсы сөзі бар: «Өз тілін жоғалтқан халық өзін де жоғалтады»,-дейді. Сондықтан әрбір ел, халық тілімен тарихта қалады. Біз ел боламыз десек, мемлекеттік тілді дамытуымыз керек. Мәртебесін арттыруымыз керек», - деді Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов.
Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін осындай оқыту курстарынан 81% этнос өкілдері оқудан өткен. Жалпы, 2011 жылдан бастап Мемлекеттік тіл оқыту орталықтарында жарты миллионнан астам ел азаматтары (513 624) қазақ тілі курстарын оқып шыққан. Мемлекет Басшылығының тапсырмасы негізінде тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді.
Айта кетейік, «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты респбуликалық форумға мемлекеттік тілді еркін меңгерген 14 этнос өкілі қатысып, қазақ тілінің мәртебесін көтеру мәселелерін ортаға салып, өз ойларымен бөлісті. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев өз сөзінде қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы атап өтілгенін айта келе:
«Қазақстан халқы Ассамблеясы Абай мерейтойы аясында бірқатар шаралар ұйымдастырып, этнос өкілдері жаппай үлес қосты. Биылғы Абай күні және ақын мерейтойына орай Ассамблея республикалық деңгейде онлайн поэзия фестивалін ұйымдастырды. Нәтижесінде 1000-ға жуық этнос өкілі қатысып, Абай өлеңдері мен қара сөздерін оқып, әндерін шырқап, өз Отанының нағыз патриоттары екенін дәлелдеп шықты», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев.
Конгресс барысында қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері тіл үйренудегі тәжірибелерімен бөлісіп, барша қауымды қазақ тілінде сөйлеуге шақырды. Ол үшін тәрбие бала-бақшадан басталуы тиіс, мемлекеттік қызметкерледі тіл үйрену үшін ауылға жіберу керек, барлық әдістемелік құралдар қазақ тілінде болуы шарт сынды әртүрлі ұсыныстар айтылды.
«Мемлекеттік тілді меңгеру бесіктен деп айтатын болсақ, ондай болса, балабақшадан бастауымыз қажет сияқты мемлекеттік тілді. Себебі бізде мынадай күшті мақал бар емес пе «Сүтпен сіңген – сүйектен кетеді», – деді ҚХА жанындағы Нұр-Сұлтан қалалық «Жаңғыру жолы» РЖҚ штабы төрағасының орынбасары Наргизам Махмудова.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Алматы қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен мемлекеттік тілді оқыту бойынша «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты бірінші республикалық конгресі өтті. Аталған шараға Жансейіт Түймебаевпен бірге, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.Әзілханов, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары, Ассамблея мүшелері, этномәдени және жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.