05 қаң, 2017 сағат 09:50

Алматыда уақытша тіркеуге тұру құны қанша?..

Тілшілеріміз Қазақстан азаматтарын уақытша мекенжайы бойынша тіркеуге алу туралы Заңнын Алматы қоғамында қалай жүзеге аса бастағанын байқады. Нақтырақ айтқанда, күнкөріс я басқа да себептермен уақытша жүрген азаматтарды жаңа Заң талабы бойынша тіркеуге алу үшін пәтер иелері қанша баға сұрап, қанша мезгілге тіркеуге тұруына рұқсат бере алатынын сұрастырып білді.

Бүгінгі таңда интернетте азаматтарды Алматыда тіркеуге қою туралы жарнамалар көбейіп отыр. Осыған орай, тілшіміз Алматыға мекенжай ауыстырған адам қаншалықты ақы төлеп, қандай жағдайда тіркеуге тұра алатынын анықтауға тырысты.

Қазіргі қоғамдағы ұсыныс бойынша, Алатау ауданында бір адамға бір жылға тіркеуге тұру шамамен 50-60 мың теңгеге шықса, Наурызбай ауданында жарты жыл тіркеуде тұру құны 40 мың теңге,ал тұтас бір жылға 55 мың теңге болып отыр. Медеу, Бостандық секілді қала орталығындағы аудандарда баға қымбат. Онда жарты жылға адамды тіркеуге алу 60 мың теңгеге шығады.

Тіркеуге тұрғызып беруге уәде беріп жүргендер барлығы ресми түрде заңды болатынын айтып сендіреді.

«Егер қандай да бір олқылықтар болса, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында ол көрініп тұрады, сондықтан барлығын ресми түрде жасаймыз», - деді ҚазАқпарат тілшісі әңгімеге тартқан делдал.

Айта кетейік, мұндай жарнамалар қазір Алатау ауданында көбірек. Әуезов ауданында 3 айдан артық уақыт тіркеуге тұрғызып беру құны 40 мың теңге, ал 6 айға 60 мың теңге қажет болады.

Еске сала кетейік, Қазақстанда «Экстремизм мен терроризмге қарсы бірқатар заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы Заңға қол қойылған болатын. Аталған Заң бойынша азаматтардың уақытша мекенжайы бойынша тіркеуге тұруы міндеттеліп отыр. Сонымен қатар, пәтерді жалға берушіге де, алушыға да рұқсат қағазы болмаса, айыппұл салынатын болады. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, мұндай шара заңсыз пәтер жалға берушілер санын азайтып, ішкі миграцияда есеп жүргізуге себеп болады.  

inform.kz