Алматыда түнде жарыс ұйымдастырған жүргізушілерге 1,6 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденовтың айтуынша, жарысты көбіне жастар ұйымдастырады.
«Жастар қауіп төндіріп, қала көшелерінде жарыс ұйымдастырады. Сонымен қатар, олар көліктеріне өзгеріс енгізіп, тыйым салынған жабдықты, оның ішінде түнде қатты дыбыс шығаратын резонаторларды орнатады. Бұл қала тұрғындарының шағымдарына себеп болады. Осындай фактілерді тоқтату мақсатында полицияның алдыңғы шептегі бөлімшелері апта сайын рейд өткізеді», - дейді ол.
Сонымен қатар, ол жыл басынан бері 65 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылғанын жеткізді.
Салынған айыппұл мөлшері - 1,6 млн теңге.
«Бұл шаралар жол қауіпсіздігі деңгейін арттыруға бағытталған. Күн сайын кешке және түнде жолды екі патрульдік наряд бақылайды», - деді Алматының бас полицейі.