13 мам, 2017 сағат 10:24

Алматыда тегін жазғы кинотеатр ашылады

13 мамыр күні Алматы қаласының ботаникалық бағында жазғы кинотеатр ашылады. Фильмдер әр демалыс сайын тегін көрсетілетін болады. Бұл туралы brod.kz сайты жазды.

Жаңа мәдени шараны Қазақстан Халық банкі аясындағы «Халық» қайырымдылық қоры «Басты ботаникалық бағының даму қоры» қоғамдық қорымен және «Бродвей» кинопорталымен бірігіп ұйымдастырып отыр.

Ашық аспан астында көрсетілетін алғашқы фильм - «Бизнес по-казахски» отандық комедиясы. Картина продюсер Нұрлан Қоянбаевқа да, режиссер Жеңісхан Момышев үшін де дебютті болды. Сюжет бойынша қала сыртындағы қонақ үйдің иесі Жомарттың оқиғалары баяндалады. Шетелдік инвесторлармен кездесудің алдында қонақ үйдің барлық қызметкерлері жұмыстан шығып кетеді. Кәсіпкер осылайша қиын жағдайда қалады. Жомарт көп ойланбай, ауылдағы туыстарының көмегіне жүгінеді.

Комедияда Жан Байжанбаев, Гүлназ Жоланова, Құралай Анарбекова, Нұрлан Қоянбаев, сондай-ақ танымал үнді актері Сиддхартх Шукла ойнайды.

«Бизнес по-казахски» фильмінің көрсетілімі сағат 19:00-де басталады. Кіру тегін.