«Тарифті инвестициға айырбастау» бағдарламасы аясында свет, су және жылумен жабдықтау тарифтерін өзгерту және тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу» тақырыбында баспасөз-конференциясы өтті деп хабарлайды Ult.kz .
Алматы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Әсел Буденеева, Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов және Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрбақыт Серікбай өзгерістермен таныстырып, тілшілердің сұрақтарына жауап берді.
«Тарифті өзгерту үшін инвестициялық бағдарламамен бекітілген стратегиялық тауарлар құнының, сондай-ақ экономикалық қызмет түрлері бойынша бір қызметкердің орташа айлық номиналды жалақысының өзгеруі негіз болып табылады. Бұған қоса, реттелетін қызметтерді ұсыну кезінде технологиялық циклде пайдаланылатын мүлікті теңгерімге немесе сенімгерлік басқаруға беру ескеріледі», - деді Әсел Буденеева.
Өтінімдер жобасына сәйкес 2024 жылға арналған салалар бойынша субъектілердің тарифтері:
- Сумен жабдықтау: орташа түсім-122,38 теңге/м3 (өсім 23%), халық үшін – 98,97 теңге/м3 (өсім 82,53%);
- Жылу энергиясын беру, бөлу және жабдықтау: орташа тариф - 10 892,83 теңге/Гкал (өсім 12%), халық үшін – 8 058,32 теңге/Гкал (өсім 12%);
- Ыстық сумен жабдықтау: жылыту кезеңінде – 575,09 теңге/м3 (өсім 10,5%), жылуаралық кезеңде – 529,96 теңге/м3 (өсім 10,4%).
2024 жылға арналған талдау нәтижелері мына субъектілер бойынша қабылданған шешімдер:
- «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ: электр қуатын беру қызметінің тарифі 8,87 теңгеден 11,4 теңге/кВт·сағ дейін ұлғайды (2,53 теңгеге өсті);
- ШЖҚ «Алматы Су» МКК: сумен жабдықтауға орташа еңбек тарифі 99,41 теңгеден 107,05 теңгеге дейін (өсім 11,78 теңге), халық үшін – 54,22 теңгеден 66,00 теңгеге/м3 дейін ұлғайтылды;
- Басқа тұтынушылар үшін тариф 339,28 теңге/м3 дейін өсті (өсім 20%);
- Бюджеттік ұйымдар үшін 201,82 теңге/м3 дейін (өсім 11%).
Су бұруға арналған тариф 5 теңгеге көбейді: 53,27 теңгеден 58,13 теңгеге дейін/м3 (өсім 9%). Халық үшін тариф 4 теңгеге өсті: 29,23 теңгеден 33,16 теңгеге дейін/м3 (өсім 13,4%), басқа тұтынушылар үшін 150,71 теңгеге/м3 (өсім 25,1%), бюджеттік ұйымдар үшін - 103,05 теңгеге/м3 (өсім 29,2%).
Қаланың Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрбақыт Серікбай хабарлағандай, 2025 жылы Алматыда кем дегенде 104 км сумен жабдықтау желісін, 73 км су бұру желісін, 39 км жылумен жабдықтау және 120 км электрмен жабдықтау желісін жаңарту жоспарланған. Бұл жыл сайын сумен жабдықтау мен жылумен жабдықтаудың тозу деңгейін 3%, ал қалған инженерлік желілерді 1,2% төмендетуге мүмкіндік беретінін жеткізді.