Фото: ашық дереккөз
Алматы қаласында халықаралық жарыстарда ел намысын қорғаған ардагер-спортшы өзіне тиесілі ақшалай сыйақыны сот арқылы өндіріп алды, деп хабарлайды Ult.kz.
Спортшы 2017 және 2018 жылдары Болгарияның Пловдив және Ресейдің Пермь қалаларында өткен грек-рим күресінен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында («С» дивизионы) бірінші және екінші орындарды иеленген. 2018 жылы оған Қазақстан Республикасының халықаралық спорт шебері атағы берілген.
Алайда уәкілетті орган талап қою мерзімінің өтіп кеткенін алға тартып, жүлделі орындарға берілетін ақшалай ынталандыруды төлеуден бас тартқан. Бұған келіспеген спортшы сотқа жүгінген.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты іс материалдарын қарастыра келе, талап қоюшының жоғары санатты спортшы екенін және оның жетістіктері Федерацияның ресми құжаттарымен расталғанын анықтады.
Сот салалық заңнама халықаралық жарыстарда Қазақстанның атынан өнер көрсетіп, жүлдегер атанған ардагер-спортшыларға сыйақы төлеуге тыйым салмайтынын атап өтті. Сондай-ақ уәкілетті органның талап қою мерзіміне қатысты уәжі жарамсыз деп танылды, себебі азаматтық заңнама әкімшілік бағыныстылыққа қатысты қатынастарға қолданылмайды. Бұдан бөлек, сол кезеңдегі Ережелер төлем алуға өтініш беру мерзімін белгілемеген.
Нәтижесінде сот мемлекеттік органның бас тартуын заңсыз деп танып, спортшыға тиесілі ақшалай сыйақыны төлеуге міндеттеді. Сонымен қатар талап қоюшыға төленген мемлекеттік бажды қайтару туралы шешім шығарылды.
Апелляциялық инстанция бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Шешім заңды күшіне енді.
