I Халықаралық Almaty Film Festival аясында Канн кинофестивалінің жүлдесіне ие болған «Айка» фильмі көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан халқы күзде «Айка» фильмінің соңғы нұсқасын бірінші болып көре алады.
«Туындының режиссері Сергей Дворцевой Канн кинофестивалінде фильмнің жұмыс нұсқасын көрсетті. Бұл - фестивальдық фильм, сондықтан көрермен мұндай ерекше дүниені көруге дайын болуы керек. Бұл, әдеттегідей, попкорн ұстап, көңіл көтеретін фильм емес. Кино Мәскеуде тұратын қырғыз мигранттарының өмірі туралы. Фильм қоғамдағы мигранттарға деген көзқарасты өзгерту үшін, олардың өмірі туралы ойлану үшін жасалған» - дейді «Айка» фильмінің продюсері Гүлнар Сәрсенова.
Аталған фильм Қазақстанда өтетін Almaty Film Festival ХКФ ашады. 15 қыркүйекте қазақстандықтар арнайы шақыру бойынша фильмді көре алады.
Фестиваль Алматы Күні мерекесінің аясында өтеді. Almaty Film Festival-ді Astana Film Fund Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе ұйымдастырып отыр.
Ол «Мәдениеттер жақындастығы» девизімен өтеді. Кинофорум Алматыда кинематографистердің халықаралық ынтымақтастығын дамытуға және қалаға халықаралық жобаларды тартуға бағытталған. Бұл шара қала имиджін еліміздің мәдени және туристік орталығы ретінде халықаралық деңгейде көтеруге тамаша мүмкіндік береді.
Фильм алты жыл түсірілген. Бюджеті - 2,5 миллиона евро. Бұл әлеуметтік драма - Ресей, Қазақстан, Германия, Польша және Қытай елдерінің бірлескен өнімі. Қазақстандық актриса Самал Еслямова осы фильмдегі рөлі үшін 2018 жылдың 19 мамырында Канн кинофестивалінің «Ең үздік әйел рөлі» жүлдесін жеңіп алған болатын.