Пара алғаны үшін сотталған Алматы перинаталдық орталығының бұрынғы директоры 27,3 млн теңге айыппұл төледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2021 жылдың маусым айында №2 Бостандық аудандық соты Алматы қаласының перинаталдық орталығының бұрынғы бас дәрігеріне қатысты қылмыстық істі қарады. Ол Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 4 -тармағы (пара алу) бойынша сотталды.
«Сот барысында сотталушы Ғ.Б кінәсін толық мойындады, істеген ісіне өкінді, сонымен қатар процессуалдық келісімге келді, сол бойынша 6 ай ішінде 35 есе айыппұл төлеуге міндеттелді. Сот үкімімен ол мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте және оның департаменттерінде, реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органдарында лауазымды орында отыру мүмкіндігінен айырылды»,- деп хабарлады №2 Бостандық аудандық сотынан.
Бүгінгі күні ол 27,3 млн теңге көлеміндегі айыппұлды толық төледі. Үкім заңды күшіне енді.