19 там, 2021 сағат 15:16

Алматыда пәтер тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды


Алматыда пәтер ұрлығымен айналысатын топ ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматылық полицейлер пәтер ұрыларын ұстау бойынша арнайы іс-шара жүргізді. 

Пәтер тонаушылар «Ақбұлақ» ықшамауданындағы үйлердің бірінде болған ұрлықтан кейін ұсталды.

«Бұл топтың құрамына Алматы мен Түркістан облыстарының 32 жастан 36 жас аралығындағы төрт ер адам кіреді. Олар кілтті таңдау арқылы «Ақбұлақ» ықшамауданында орналасқан үйлердің біріне кіріп, сол жерден құны 500 мың теңгеден асатын мүлікті қолды етті. Ұрланған заттарды, тауарды және ақшаны тергеу-жедел тобы тәркіледі және ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелген қылмыстық іс материалдарына тіркеді», - деді Алматы қалалық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов. 

Сонымен қатар, олардың Алмалы және Бостандық аудандарының аумағында осыған ұқсас тағы үш ұрлыққа қатысы бары анықталды. 

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.