16 там, 2021 сағат 13:52

Алматыда немересімен бірге есірткі шөбін өсірген зейнеткер ұсталды


Алматыда 76 жастағы зейнеткер немересімен бірге есірткі шөбін өсірген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, Алатау ауданына қарасты «Әйгерім» ықшамауданындағы үйлердің бірінде 76 жастағы тұрғын немересімен бірге қарасора және марихуана өсіргені анықталды.

«Г.есімді әйелдің тұрғылықты жері бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында жасыл түсті, ерекше иісі бар өсімдік тектес 117 бұта табылды және тәркіленді. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткі – кептірілмеген марихуана болып шықты, оның жалпы салмағы 6 келі 680 грамм», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Аяғанов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Алатау аудандық полиция басқармасында күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 300-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.